Банктер туралы заң жобасы: исламдық қаржыландыру назарға алынады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа заң жобасы аясында банктер үшін исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлім етті.
- Банк лицензияларының түрлерін саралау бәсекелестікті арттыруда маңызды фактор саналады. Қазіргі кезде реттеуші талаптар барлық банктер үшін бірыңғай. Заң жобасында талаптары аз базалық банк лицензиясын енгізу ұсынылады, бұл жаңа субъектілердің нарыққа кіруіне кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бәсекелестікті арттыру үшін исламдық қаржыландыруды дамыту қажет. Бүгінде Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді («ADCB» Ислам Банкі» АҚ және «Заман банк» Ислам Банкі» АҚ). Қаралып отырған заң жобасы аясында біздің банктер үшін исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша қызметтер көрсету мүмкіндігі көзделеді, - деді Д. Еспаева Парламент Мәжісінде банк қызметі туралы заң жобасының таныстырылымы кезінде
Оның айтуынша, қазіргі банктер мен қаржы ұйымдары өз жұмысында басшылыққа алатын қолданыстағы заң 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде қаржы саласына цифрлық технологиялар енді ғана енгізіле бастағанын түсінген жөн. Қазір банктер қызмет тиімділігін арттыру және қаржылық қызметтер ұсыну үшін жаңа технологияларды белсенді түрде енгізіп, оған қомақты қаражат салып жатыр.
- Осыған байланысты банктерге қаржыны финтех-компанияларға инвестициялау мүмкіндігі беріледі, бұл инновациялық финтех-өнімдер мен сервистер құруға жол ашады. Сонымен қатар, заң жобасында Цифрлық теңгені белсенді дамыту, ифрлық қаржы активтерінің айналымы үшін инфрақұрылым құру, крипто айырбастағыштарды дамыту көзделген. Алайда, цифрлық технологияларды енгізу азаматтарымызды қорғау мәселелеріне баса назар аударуды қажет етеді. Банктік қызметтерді цифрландыру арқылы кредит алу мүмкіндігі едәуір жеңілдеп, жедел беріле бастады. Бірақ сонымен бірге бұл интернет-алаяқтықтың өршуіне себеп болды.
Осыған байланысты, депутаттарға заң жобасын қарау кезінде қаржылық қызметтерді, тұтынушыларды қорғау тетіктерін күшейту және олардың дербес деректерін қорғау шараларына ерекше назар аудару қажет, - деді депутат.
Еске салсақ, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы заңды 2025 жылдың аяғына дейін қабылдау керек екенін атап өтті.