Банктерді экономикалық жобаны қаржыландыруға ынталандыру механизмі қажет – сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Банктерді экономикалық жобаларды қаржыландыруға тарту үшін ынталандыру механизмін әзірлеу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерген бастамаларына қатысты пікір білдірген белгілі өзбекстандық экономист, Экономикалық дамуға жәрдемдесу орталығының директоры Юлий Юсупов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Ю.Юсуповтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалардың ішінде мемлекеттің шығындарын қысқарту бойынша айтқан ұсынысына ерекше назар аудардым. Бұл - өте маңызды мәселе, оның ішінде Өзбекстан үшін де. Өзбекстанда мемлекеттік шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі Қазақстанға қарағанда екі есе көп. Біз мынаны естен шығармауымыз керек: мемлекеттің шығындары көп болған сайын, солардың орнын толтыру үшін жеке сектордан алатын қаржы да ұлғаяды. Ал бұл өз кезегінде кәсіпкерлік пен ел экономикасының дамуына кедергі саналады», - деп мәлім етті экономист.

Сонымен қатар Юлий Юсупов салық саясатын жүйелеуге қатысты Президент бастамаларына тоқталды. Оның пайымынша, Қазақстанның кәсіпкерлік салаға берілетін жеңілдіктерді қайта қарап, бизнес үшін бәсекелес орта қалыптастыруға бет алғаны маңызды.

«Салық бойынша жеңілдіктер мәселесі Қазақстанмен қатар Өзбекстанға да тән. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл проблеманы көтеруі орынды. Өйткені, көптеген бизнес өкілдері жеңілдік алу мүмкіндігі жоғары салаларға бет бұрады да, өзге бағыттар ақсап қалады. Бұған қоса, олар өздерінің күшімен инвестиция тартып, кәсібін кеңейтуді ойламайды. Сондықтан жеңілдіктерді қысқарту орынды, тиісінше шағын және орта бизнесте бәсекелестік пайда болады. Мұнымен қатар, менің білуімше, Қазақстанда қандай да бір кәсіпорынның салық берешегі болса, оның шоттары бұғатталады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев шотты бұғаттамай, қарыз сомасына ғана шектеу қою тетігін қарастыруды әрі бөліп төлеу мүмкіндігін енгізуді ұсынды. Аталған бастама бизнесті ілгерілетуде өте маңызды қадам деп есептеймін», - деді Ю.Юсупов.

Сарапшы атап өткен тағы бір мәселе – банктерді экономикалық жобаларды қаржыландыру ісіне тарту. Юлий Юсуповтың пікірінше, ол үшін қаржы ұйымдарын ынталандыру тетіктерін қарастырған жөн.

«Өзекті мәселе екені рас. Ол үшін банктерді экономикалық жобаларды қаржыландыруға тарту үшін ынталандыру механизмін әзірлеу қажет. Әлемдік тәжірибеге сай, мұндай істермен әр елдің орталық банктері айналысуы тиіс. Атап айтқанда, қаржылық реттеуші қойылатын талаптар мен ережелерді бекітіп, қажетті механизмді жасақтауға жауапты», - деді Юлий Юсупов Kazinform тілшісіне берген сұхбатын түйіндей отырып.