Банктердің экономикаға салған несиелері биылдың басынан бері 2 пайызға қысқарды - Үкімет отырысы

АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Банктердің экономикаға салған несиелері биылдың басынан бері 2 пайызға қысқарды. Бұл туралы бүгін еліміздің биылғы 11 айда әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына арналған селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«Экономиканың нақты секторының өсуі әсерінен екінші деңгейдегі банктердің депозиттік қоры кеңейді. Бірақ, банктердің экономикаға салған несиелері биылдың басынан бері 2 пайызға қысқарды», - деді ведомство басшысы. Осы орайда министр еліміздегі бизнесті дамытудың негізгі факторларының бірі - шағын және орта бизнесті несиелендіруді арттыруға байланысты екенін жеткізді.

«Халықаралық валюта қорының миссиясы өзінің қорытынды баяндамасында ішкі сұранысты ынталандыру және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында экономиканы несиелендіруді қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында бүгінде жалпы құны 89 млрд. теңге болатын 209 жобаны субсидиялау шаралары мақұлданды», - деді Ж. Айтжанова.

Сонымен қатар министр Қазақстандағы бизнестің ахуалын жақсарту мақсатында, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау үшін, яғни әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.