«Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 3,4%-ға өсіп (жылдың басынан 2,2%-ға өсті), 2015 жылғы қарашаның соңында 12 368,6 млрд. теңге болды.
Ал ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 8 485,4 млрд. теңге (жылдың басынан 0,9%-ға төмендеді), шетел валютасымен - 3 883,2 млрд. теңге (жылдың басынан 9,7%-ға өсті) болды», делінген Ұлттық банктің жариялаған мәлімдемесінде.
Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы биыл 68,6 пайызға жеткен.
Ұзақ мерзімді кредиттеу көлемі 2015 жылғы қарашаның соңында бір айда 3,0%-ға, қысқа мерзімді несиелер - 2 281,2 млрд. теңгеге (бір айда 5,0%-ға өсті) ұлғайып, 10 087,3 млрд. теңге болды. Заңды тұлғаларға берілетін кредиттердің көлемі 2015 жылғы қарашаның соңында 8 180,0 млрд. теңгеге дейін, яғни 5,2%-ға ұлғайса, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 4 188,6 млрд. теңгеге дейін, яғни 0,1%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 33,9 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бір айда 3,0%-ға ұлғайып, 2015 жылғы қарашаның соңында 1 940,1 млрд. теңге болды, бұл экономикадағы кредиттердің жалпы көлемінің 15,7%-ын құрайды.
Салалар бойынша банктер берген несиелердің айтарлықтай сомасы сауда (жалпы көлеміндегі үлесі 20,6%), өнеркәсіп (13,4%), құрылыс (8,0%), ауыл шаруашылығы (4,9%) және көлік (4,5%) сияқты салаларға тиесілі болды.
Ал сыйақы мөлшерлемесіне келер болсақ, 2015 жылғы қарашада банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 15,7% (2015 жылғы қазанда - 14,8%), жеке тұлғалардікі - 17,2% (16,7%) болды.