«Банктердің несиені теңгемен бере бастауы нені аңғартады?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 ақпан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Қазақта «ер жігіт елге болсын дейді» деген жақсы тәмсіл бар. Өзінде барды өзгемен бөлісіп, кейіндеп қалғанды ілгері сүйрейтін көкірегі ояу көпшіл жандарға берілген баға. Осындай «бірді екеу етсем, екіні елмен бөліссем» деп жүрген азаматтардың бірі - Құсман Шалабаев. Ол Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап жеке кәсіппен айналысып, бизнесте тапқан табысын елдікті, бірлікті насихаттайтын жобаларға жұмсауды жолға қоя білген жан. Құсман Кәрімұлының патриоттық рухты тәрбиелеуге қосып келе жатқан үлесі - бір төбе, ардагерлер мен көпбалалы отбасыларға демеу болып, қайырымдылық шараларын тұрақты өткізіп жүрген ісі - бір әлем. Осы азаматпен арадағы сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Мақсатымыз - әр қазақтан нар қазақ тәрбиелеу» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Еліміз Тәуелсіздік алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған дара жолына түскелі бері әлемнің әр пұшпағына тарыдай шашылған қаншама қандастарымыз туған топыраққа келіп, тамырын терең жая бастады. Егемендіктің алғашқы жылдарында атбасын атажұртқа бұрған бауырларымыз сол кезеңнің қиыншылығы мен қанағатын бірге бөлісіп, осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға жетер жолды бірге қатар жүріп өтті. Ел қатарлы елдіктің туы биік желбіресе екен деген ниетпен қам-қарекет қылды. Шүкір, қазір сол кезде сырттан келген қазақтар өз ішімізге сіңіп, өз Отанында өмір есігін ашқан жаңа буын өкілдерін тәрбиелеп отыр», - дейді.

«Қаржы дағдарысының кесірінен апшысы қуырылған көптеген мемлекеттердегі әлеуметтік мәселелер халықты билікке қарсы наразалық шараларын өткізуге итермелеуде. Олардың талап-тілектерін қанағаттандыруға экономикалық түйткілдер әзірге мүмкіндік берер емес. Мұндай келеңсіз жағдайлар әлі де жалғаса беретін сыңайлы. Өйткені, жаһанды жайлаған қаржылық қиындықтарды ауыздықтауға басқасы былай тұрсын, мен деген алпауыт елдердің өзі дәрменсіздік танытуда», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Еңсесі түскен ел көп» деген тақырыптағы мақаласында. Басылым АҚШ, Германия, Мексика, Бразилия сынды елдердегі орын алып жатқан қиыншылықтар жайында тарқата жазған. Мәселен, басылымның жазуынша, америкалық кейбір компаниялардың жағдайы тым нашар. Олардың бірқатары қолына таяғын ұстап, тақырға отырып қалмаудың қамымен жанталасып жатыр. Ал мұның барлығы ел халқының тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Ал Мексика астанасы Мехико қаласында мыңдаған мұғалімдер ереуілге шыққан. Олар еңбекақыларының өз уақытында берілмей отырғанына ашулы.

***

Тренд болмаған дүние бренд болмайтыны белгілі. Ал биыл іске кіріскен Еуразиялық одақтың басты трендтері қандай? «Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында осы дәл тақырып талқыға салынып, жиынға қатысқандар өз ой-пікірлерін ортаға салынды. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Еуразиялық одақ: Басты тренд қандай?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде Қазақстанның осынау одақтың аясында нақты экономикаға басымдық беріп отырғанын атап өткен. Яғни, мұндай жағдайда экономиканың барлық салалары ескеріледі. Ал Армения үшін бұл одақ еңбек күші жағынан тиімді болмақ. «Алайда трендтерді анықтау үшін алдымен одақтас елдердің экономикалық даму стратегиясын бекіту қажет. Яғни, бұған технологиялық даму, бизнес-аухал және жаһандану жағдайындағы бәсекелестік талаптары кіреді», - деді ол. Ал Қазақ-неміс университетінің жанындағы халықаралық және аймақтық әріптестік институтының директоры Болат Сұлтановтың пікірінше , бұл туралы мәселе көтеруге әлі ерте. «Себебі, дәл қазір одақ үлкен қысымға ұшырауда. Мұнай бағасы төмендеп кетті, жанармай арзандады. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ одақтас елдердің арасына іріткі салуды ойлайтындар мұны өз пайдасына қолдануы мүмкін», - деді ол.

«Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкер әкелердің қатары жыл санап артып барады. Ал олармен күресті құқық қорғау органдары да тоқтатар емес. Мәселен, Маңғыстау облыстық әділет департаменті, Ақтау қалалық «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен қалалық прокуратура қызметкерлері өткізген қоғамдық қабылдауға екі сағат ішінде 20-ға жуық адам келіп, керекті кеңес алды», - деп жазады «Айқын» газеті. Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде Ақтауда 2045 ер-азамат өз баласына уақтылы алимент төлеуден жалтарып жүрген көрінеді. Олардың 2023-іне заң аясында шара қолданып, прокуратура қызметкерлері күштеп төлетіп отыр. Ал өткен жылы 18 тасбауыр әке әкімшілік жазаға тартылған. Осылайша, алимент төлемеушілердің небір қитұрқы әрекеттеріне қарамай 1 млн. теңге көлемінде алимент өндірілген. Мақала «2 мың әке алимент төлеуден жалтарып жүр» деген тақырыппен берілген.

«Банктердің несиені теңгемен бере бастауы нені аңғартады ? ». Дәл осы сауалды «Айқын» газеті есімі елімізге танымал бірқатар азаматқа қойған. Мәселен, дәл осы сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл: «Ұлттық валютамызды нығайту үшін алдымен, еліміздің ішкі нарығындағы сауда-саттықты доллармен емес, теңгемен жүргізу керек. Ал біртіндеп уақыт өте келе халықаралық сауданы да төл теңгеміз арқылы жүзеге асырсақ, құба-құп болар еді. Осы жағынан алғанда, Ұлттық банктің тұрғындарға несиені теңгемен беру туралы бастамасын құптауға болады», - дейді. ***

Шымкентте күтушінің таяғынан кейін қаза тапқан 4 жастағы бүлдіршін қыздың өлімін тексеруде. Бұл жайында «Экспресс-К» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Наверное, боги сошли с ума» деген тақырыптағы мақалада жазылған. Басылымның жазуынша, дәрігерлердің бар күш-жігерлерін жұмсағанына қарамастан, миына қан құйылған сәби ес жимастан жарық дүниемен қош айтысқан. Ал оның аталған тәрбиешіден жәбір көрген 2 жастағы інісі дәрігерлердің жіті бақылауында. Балалардың қанша уақыттан бері таяқ жеп келгені белгісіз. Сәбидің өліміне себепкер күтуші 8-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.