Банктердің жинақ шығыны қаңтар-шілдеде 204 млрд теңгеге жуықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2017 жылғы қаңтар-шілде айларында екінші деңгейлі банктердің жинақ шығыны 203,9 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ranking.kz-ке сілтеме жасап.

 Берілген ақпаратқа қарағанда, 2016 жылдың шілдесінде Қазақстан банктерінің кірісі 243,8 млрд теңгені құраған. Есеп кезеңінде қызмет жүргізіп отырған 33 банктің 5-еуінде шығын тіркелген, өткен жылдың осы кезеңінде 35 банктің 3-еуінде кері көрсеткіш байқалған болатын.

«Қазкоммерцбанк» АҚ шығыны 405,6 млрд теңге болса, қалған төртеудің, яғни «Еуразиялық банк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ және «Пәкістан ҰБ» ЕБ АҚ банктері шығындарының жиынтық мөлшері 15,6 млрд теңгені құраған.

Табысқа жеткен 28 банктің 18-і өткен жылғымен салыстырғандағы өз көрсеткіштерін арттырған. Қаңтар-шілде кезеңіндегі табыстың жоғары көрсеткіштері бойынша «Қазақстан Халық банкі» АҚ 88,3 млрд теңгемен көш бастап тұр, оның артынан 26,7 млрд теңгемен «Kaspi Bank» АҚ және «Қазақстанның Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 14,6 млрд теңгемен келеді. ҚР банктерінің сыйақы алуға байланысты кірістері есеп кезеңінде 1,5 трлн теңгені, ал шығындары 814,4 млрд теңгені құраған.

Негізгі қызмет бойынша шығындардан кірістердің арту қорытындылары 669,2 млрд теңгеге жеткен. Сыйақы алуға байланысты емес кірістер сыйақыларды төлеуге байланысты емес шығындардан 835 млрд теңгеге аз болған, яғни 16,3 трлн теңге кіріс болса,  шығындар 17,1 трлн теңгені құраған. Қазақстан банктерінің жалпы шығындары (табыс салығын есептемегенде) кірістерден 165,8 млрд теңгеге көп. Өз кезегінде табыс салығы шығындары 38,1 млрд теңгені құраған.