Банктердің несие құрылымы инфляцияға қалай әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы тұтынушылық несие жүйесі халыққа қосымша ауыртпалық түсіруде және инфляцияның өсуіне әсер етуде. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров айтты.
Депутаттың айтуынша, соңғы 5–6 жылда базалық пайыздық ставка 13%-дан 18%-ға көтерілген.
Бұл әр ипотека немесе несие алушыға жыл сайын қосымша төлем түсіруді білдіреді. Мысалы, бес жылда қосымша төлемдер 25%-ға жетуі мүмкін.
— Көптеген адам тек Қосылған құн салығының өсуіне назар аударады (12%-дан 16%-ға), ал банктерге төленетін үстеме пайыздар халыққа әлдеқайда ауыртпалық түсіреді және инфляцияны арттырады, — деді депутат.
Қазіргі уақытта банктердің несие портфелінің 70%-ы тұтынушылық несиеге бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл құрылым керісінше болуы тиіс: 70%-ы бизнеске, 30%-ы тұтынушыға берілуі керек. Сол кезде жұмыс орындары қаржыланып, халық қарызға батпайды.
— Дамыған елдерде ұлттық банктер жұмыспен қамтуды қаржыландыруға жауапты. Қазақстанда ұлттық банк тек инфляцияға бақылау жасайды. Сондықтан қаржыландыру құрылымын өзгерту маңызды, — деді Айдарбек Қожаназаров.
Айта кетейік, үш күн бұрын Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені ±1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған болатын.