Банктерге қарыз дәрменсіз борышкерлердің саны азайды - ҰБ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау мәселелеріне қатысты қолға алынған жұмыстардың нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Отырыс барысында сенаторлардан Ұлттық банктің жұмысына қатысты бірқатар сұрақтар келіп түсті. Соның бірі - борышкерлердің банкке төлей алмаған қарыздарын қайтару мәселесі. Әсіресе, сенаторлар тарапынан 2015-2017 жылдан бері қабылдан заңнамалар борышкерлердің қарызын банктерге қайтаруға қаншалықты серпін берді деген сауалдың салмағы басым болды.

Сенаторлардың сұрағына ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов жауап берді.

«Барлық заңнамалар борышкерлердің мүддесін қорғауға бағытталып отыр. Қолға алған жұмыстардың арқасында банктерге борышкерлер ретінде тіркелген әлеуметтің осал топтарына жататын адамдардың саны азайды. Оларды барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары бастаған комиссия бірінші болып қабылдады. Осылайша, әлеуметтік осал топтардың адамдарының төлей алмай жатқан банктегі қарыздарын кешіруге қол жеткіздік», - дейді Алпысбай Ахметов.

Оның айтуынша, Ұлттық банк 2,95 пайызбен банктерге 330 млрд теңге қаржы берген.

««Банктердің 0,5 пайызды ғана қосуға құқықтары болды. Халыққа 3 пайызбен тек теңгемен несие беруге міндеттелді. 3 пайызбен несие берсе, кейін банктер 2,95 пайызды проблемалық несиелік қорға қайтаруы керек болатын. Біз банкілерге проблемалық несие қорына бұл пайызды қайтармай-ақ сол пайыз сотта ісі қаралып жатқан адамдардың қарызын өтеуге жұмсалсын деп шарт қойдық. Бірінші нәтиже осы. Мәселесі шешілмей жатқан борышкерлер несиені басқа валютамен алған. Теңгемен алғандардың көбінің мәселесі шешілді. Банктер қазіргі уақытта несие берер алдында клиентінің қаржы жағдайын жақсы зерттеуі керек. Егер оның айлығының жартысы айлық несиені қайтаруға жетпесе оған несие берілмейді», - дейді ол.