Банктерге зейнетақы қоры есебінен 500-600 млрд. теңге қолдау көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктерге зейнетақы қоры есебінен 500-600 млрд. теңге қолдау көрсетіледі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Былтыр Ұлттық банк валюталық СВОП-тар арқылы және зейнетақы активтері есебінен банктерге 2 триллион қаражат ұсынды», - деп атап өтті ол.

«Биыл біз зейнетақы қорлары арқылы банк секторына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына қаражат түсімінің көлеміне байланысты 500-600 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетуді жоспарлаудамыз. Ұлттық банктің мақсаты - қысқа мерзімге төлемпаздылығын қамтамасыз ету, қазіргі уақытта банктерде төлемпаздықпен ешқандай мәселе жоқ», - деді Келімбетов.