Банкті алдаған Ресей азаматы Нұр-Сұлтанда ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Ингушетия Республикасы аумағында қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматын ұстады», - делінген қалалық Полиция департаментінің ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, 63 жастағы күдікті Ингуш банк бөлімшесіне жалған мәліметтер ұсыну арқылы 10 млн рубль мөлшерінде несие алғаннан кейін ел аумағынан бой тасалаған. Осыдан кейін аталған іске байланысты Ингушетия Республикасының Ішкі істер министрлігі алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғаған.

«Қазіргі уақытта ұсталған адам отанына экстрадициялану үшін Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды», - деп атап өтеді полициядан.