Банктің бұрынғы басшылары мен олардың туыстарына пәтерлерді қайтаруға екі апта уақыт берілді - Қуандық Бишімбаев

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» табысы жоғары азаматтардың бағдарламаға қатысуына шектеу қоймақ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Биыл 19 маусымда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» «Бәйтерек» холдингінің сенімді басқаруына берілген болатын. Бес күн өткенде, яғни 24 маусымда біз депутаттар тарапынан жасалған мәлімдемеге қатысты жағдайдың анығына жету үшін комиссия құрдық. Тексеру кезінде банк басшылығы мен олардың туыстары мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алғандары расталды. Сонымен қатар комиссия сатып алушылар пулын қалыптастыру барысында бірқатар процедуралық нормалар бұзылғандығын анықтады», - деді Қ. Бишімбаев.

Осы орайда ол қыркүйекте екі басқарма мүшесінің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын айтып өтті. Кейбір басшылар қызметтен өз еркімен кетті. Сондай-ақ банктің директорлар кеңесінің жаңа құрамы қалыптастырылды.

«Банк басшылары мен олардың туыстарын «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысуын шектейтін шаралар қарастыру туралы тапсырма берілген болатын және бұл тапсырмалар қазір орындалуда. Банк басшылығына пәтерлерді өз еркімен қайтару туралы мәселені төтесінен қоямыз. Бұл түйткіл тиісті шешімін таппаса, Елбасының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқару органдары мен прокуратура арқылы сот қарауына жолдайтын боламыз», - деді ол.

Қ. Бишімбаевтың айтуынша, жасалған ұсыныс бойынша пәтерлерді өз еркімен қайтару аясында олар екі аптаның ішінде жауап беруі тиіс.

«Аталған мерзімде келісімге келмесек, онда бұл пәтерлерді заңды жолмен қайтаруға ұмтылатын боламыз»,-деп нақтылап өтті ол.

Белгілі болғандай, банктің бұрынғы басшылары мен олардың туыстары иемденген пәтерлердің саны 20-дан асып отыр.

Атап айтқанда бағдарламаға қатысушылардың баспана жағдайын ескеру туралы шарт енгізілмек. Бұған қоса, табысы жоғары азаматтардың бағдарламаға қатысуына шектеу қойылмақ.

Айта кетейік, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрайымының қызметі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның орнына бұған дейін холдингтің басқарушы директоры қызметін атқарған Айбатыр Жұмағұлов тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында бірқатар сын-ескертулер мен нақты тапсырмалар берген болатын. Сонымен қатар отырыс барысында Президент «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басшылығына өткір сын айтып, Қ. Бишімбаевқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, аталған банктің басшылық қызметкерлері миллиондаған теңге жалақы ала отырып, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында пәтерлерді жеңілдікпен сатып алған. «Маған жаңа баспана төрағаға, оның орынбасарларына, банктің Алматыдағы филиалының директорына, оның ағасына, департамент директорына, оның апайына бөлінгендігі туралы анықтама берді. Банктің басқарушы директоры, оның ағасы, сондай-ақ кейіннен пәтерді үшінші тұлғаға сыйға тартқан ұлы баспана алған. Мен уақытымды шығындап мынау далбасаны істер іс болмағаннан кейін тізбектеп атап отырғаным жоқ. Мен қарап отырмын, банктің жеңілдікпен пәтер алған 20-дан астам қызметкері бар. Біз сонда банкті оның қызметкерлері үшін құрдық па?» - деді Елбасы.

ҚазАқпарат анықтамасы:

«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі даму институттарын, қаржы ұйымдары мен ұлттық экономиканы дамытуды басқару жүйесін оңтайландыру мақсатында ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 571 «Даму институттарын, қаржы ұйымдары мен ұлттық экономиканы дамытуды басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» жарлығымен құрылды.

Холдингтің негізгі қызметі меншік құқығында өзіне тиесілі және сенімді басқаруға тапсырылған ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа заңды тұлғалардың акциялар пакетін (қатысу үлесін) басқару болып табылады.

Холдинг жеделдетілген инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын қаржыландырумен айналысады.

«Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» акционерлік қоғамы холдингтің еншілес компанияларының бірі болып табылады.