Банктік шот қай кезде бақыланады

Коллаж: Kazinform / Freepik

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - 1 қаңтарда Қазақстанда жаңартылған Салық кодексі  күшіне енеді. Ондағы өзгерістердің бірі жеке тұлғалардың банктік шоттары бойынша жүргізілетін операцияларға қатысты. Жаңа талаптың қалай жүзеге асырылатынын Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов тарқатып айтып берді.

- Бұған дейін жеке тұлғалардың шоттары бойынша тек аударымдар саны ескерілетін. Үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан қаражат түскен жағдайда ғана кәсіпкерліктің табыс белгілері бойынша тексеру жүргізілетін. Енді жеке тұлғаның кәсіпкерлікке арналмаған шотына үш ай қатарынан әр айда 100 түрлі адамнан қаражат түсіп, оның жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, мұндай операциялар кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс ретінде қарастырылады. Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге екенін ескерсек, жалпы сома 1 020 мың теңге шамасында деген сөз. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдей алса, кәсіпкер ретінде тіркелу міндеті туындамайды. Ал дәлелдемелер ұсынылмаған жағдайда заңнама талаптарына сәйкес кәсіпкер ретінде тіркелуіне тура келеді, - деді ол.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Салық саласының өкілі осы орайда азаматтарды кәсіпкерлік қызметке арналған жеке шотты пайдалануға шақырды.

Бұған дейін салық саласының сарапшысы Олжас Отар жаңа салық кодексіндегі нормаларды егжей-тегжейлі тарқатқан еді.