Бапкер мен бассейн жетіспеушілігі: Алматыда мәнерлеп жүзу спортының проблемалары талқыланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда еліміздегі мәнерлеп жүзу спортының басты мәселелері мен болашағы талқыланды. Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласындағы өкілдігі баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.
Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Әлия Закария мәнерлеп жүзу спортын дамыту үшін қажетті инфрақұрылымның жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, қаладағы бассейндердің көпшілігі кәсіби спорттың стандарттарына сәйкес келмейді. Ал сәйкес келетіндері коммерциялық пайда үшін қолданылады.
- Тек бізде ғана емес, барлық спорт түрлеріндегі басты мәселе – қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мәнерлеп жүзу үшін тереңдігі кем дегенде 3,5 метр болатын бассейндер қажет. Өкінішке қарай, елімізде халықаралық стандартқа сәйкес келетін, әлемдік дәрежедегі жарыстарды өткізуге болатын бірде бір бассейн жоқ. Біздің зерттеуіміз бойынша Алматыда 57 бассейн бар, оның 6-уы ғана әлемдiк жаттығу стандарттарына сәйкес және тек 3-еуi ғана жарыстар өткiзуге лайық. Бірақ оның өзінде туындайтын мәселе бар – бұл бассейндердің көпшілігі кеңестік кезеңде жеке иелікке өтіп кеткен. Сондықтан айтылған объектілердің басым бөлігі финтес саласына қолданылады. Ал біз жаттығу кезінде музыка қосамыз, әртүрлі іс-қимылдар болады, ол өзге адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Осы себепті бізде барлық жерде жылы шыраймен қабылдай бермейді. Мұның өзі біз үшін үлкен мәселе, – деді ол.
Сондай-ақ Әлия Закария мәнерлер жүзу «Даму бала» бағдарламасына кірмейтіндіктен, оның балалар арасында жаппай тарауына мүмкіндік болмай тұрғанын атап өтті.
Ал әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша вице-президенті Әсел Орынбасарова мәнерлеп жүзу бойынша білікті төрешілердің аз екенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Азия өңірде төрешілерді дайындайтын мықты хаб жоқ және бұл мүмкіндікті Қазақстан пайдалануы қажет.
- Қазақстанда төрешілердің дайындаудың тиімді жүйесі жоқ. Мәнерлеп жүзуде төрешілердің жетіспеушілігі тіпті қатты білінеді. Кей жарыстарда бапкерлердің өздеріне төрешілік етуге тура келеді. Бірақ мұндай жарыстарда әділ баға беріле бермейді. Жалпы айтқанда төрешілерді кәсіби түрде дайындайтын ортақ бағдарлама жоқ. Біз қолымыздан келгенше оқыту курстарын, біліктілікті арттыру курстарын өткізіп жатырмыз. Қазір төрешілік бойынша әлемде АҚШ пен Еуропа елдерінің басымдылығы байқалады. Жақында әртістік жүзуден Азия өңірінің басшысы осы өңірден шыққан төрешілердің аз екеніне алаңдаушылық білдірді. Егер біз халықаралық жарыстарда тең дәрежеде қатысып, жоғары орындардан көрінгіміз келсе, бізге білікті төрешілер тобы керек. Азияда төрешілерді дайындайтын орталық жоқ, біз сондай хабқа айнала аламыз. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлінгені дұрыс, – деді Әсел Орынбасарова.
Баспасөз мәслихатының соңында Алматы қаласы бойынша мәнерлеп жүзуден аға жаттықтырушы Әйгерім Исаева спортшыларды дайындайтын бапкерлердің жетіспеушілігіне тоқталды. Жаттықтырушының айтуынша, осы салада спорттық мансабын аяқтаған спортшылар бапкерлікке бармайды. Оның себебі – жалақының аз болуы. Әйгерім Исаева бапкер бола алатын спортшылар көбіне жалақысы жоғары фитнес орталықтарда жұмыс істеуді таңдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, еліміздегі мәнерлеп жүзу спортының негізі 1984 жылы қаланған. Осы жылы Алматы қаласының №20 БЖСМ директоры Гари Корноухов Украинадан жаттықтырушылар жұбы – Лидия Подгурская мен Владимир Кузнецовты жұмысқа шақырған. Оларға Қазақстанда мәнерлеп жүзуден команда құру үшін 4 жыл жұмыс қажет болды. Ал 1988 жылы КСРО чемпионатында Қазақстан командасы алғаш рет өз бағдарламасын көрсетті. Чемпионаттан кейін Қазақстан құрамасының төрт спортшысы резервке алынса, ал егіз Башкаевтар КСРО құрамасының негізгі құрамына кірді.