Бапкер ісі: Қызылордада жасөспірімді зорлау ісі бойынша тың деректер белгілі болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Сырдария ауданының прокуратурасы жасөспірімді зорлады деген күдікпен ұсталған бапкердің 2024 жылы қызметтен босатылғаны туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдемесін жоққа шығарды.

Фото: Kazinform

Kazinform агенттігінің тілшісі қадағалаушы органға Тереңөзек кентінің тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша тіркелген қылмыстық іс жөнінде сұрау жолдады.

— Күдікті «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының «Қайсар» ойын түрлері бойынша спорт клубы» КМҚК 04.01.2023 жылғы бұйрығымен жаттықтырушы болып қабылданып, 18.09.2025 жылғы бұйрығымен жұмыстан босатылған. «Ол 2024 жылы жұмыстан босатылды» деген уәж негізсіз, — делінген хабарламада.

Тергеу органы Қызылорда облысының әкімдігіне Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабымен ұсыныс берген. Прокуратура істің заңдылығын қадағалау, объективтілігін қамтамасыз ету ерекше бақылауда екенін атап өтті. Сондай-ақ отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық істің мән-жайын нақтылады.

— Тергеу барысында кәмелетке толмаған жәбірленушінің отбасы мүшелері мен таныстары күдіктілерді ұрлап, оларға өзінше билік етіп, ұрып-соққаны анықталды. Осыған байланысты Қызылорда облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 389-бабының 3-бөлігі, 125-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтарымен қылмыстық істер тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті жүріп жатыр. Іс бойынша 4 күдікті қамауға алынса, 2 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, — деп мәлімдеді аудандық прокуратура.

Қылмыстық істі тергеу барысында басқа да тұлғалардың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 122-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталған. Облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 122-бабының 1-бөлігімен істерді тіркеп, сотқа дейін тергеп-тексеруге кіріскен. Қадағалаушы орган осының нәтижесіне қарай тиісті заңды процестік шешім қабылданатынын жеткізді.

Бұған дейін жәбірленуші Kazinform тілшісімен сұхбаттасқан кезде тергеушілер іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермегенін, оқымай-ақ қол қойдырып алғанын айтты. Бірақ прокуратура мұны жоққа шығарып отыр.

— Іс бойынша жәбірленушінің заңды өкілі және жәбірленушінің өкілі іс материалдарымен толық танысқан. Өздерінің қолтаңбаларын қойдырып, іс құжаттарының көшірмесін алған. Қазіргі уақытта іс Қылмыстық процестік кодекстің 302-бабының талаптарына сәйкес қосымша тергеу жүргізу үшін Қызылорда облысының полиция департаментіне жолданды, — делінген хабарламада. 

Еске салайық, жәбірленуші тарап Мемлекет басшысы мен құқық қорғау органдарынан істі ерекше бақылауға алып, барлық мән-жайға құқықтық баға беруді сұрады. Сонымен қатар отбасы өздеріне қатысты қозғалған істер бойынша да заңсыздыққа жол берілмеуін және кінәсі дәлелденбеген адамдардың құқықтарының сақталуын талап етті.