БАПОР: Газа секторындағы гуманитарлық көмек таусылды, аштық күшейіп барады
АСТАНА. KAZINFORM — Шамамен 3 мың гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі шекаралардың жабық болуына байланысты аймаққа кіре алмай отыр, деп жазды Анадолы агенттігі.
БҰҰ-ның Палестина босқындарына көмек көрсету және жұмыс ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыс агенттігі (БАПОР) Газа секторына бұрын жеткізілген гуманитарлық көмектің толық таусылғанын, ал аймақтағы аштық жағдайының одан әрі ушығып бара жатқанын мәлімдеді.
Агенттіктің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған мәлімдемеде, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне басты кедергі – шекара өткелдерінің жабық тұрғандығы айтылды. Израиль енгізген қоршаудың салдарынан шамамен 3 мың гуманитарлық жүк көлігі Газадағы тұрғындарға жету үшін рұқсатты күтіп тұр.
– Мұқтаждарға бұрын жеткізілген негізгі көмек қоры таусылды. Аштық барған сайын күшейіп келеді, – делінген агенттік мәлімдемесінде.
Гуманитарлық дағдарыстың ушығуы
2 наурыздан бастап Израиль ХАМАС-пен тұтқындар алмасуға және атысты тоқтатуға қатысты 42 күндік келісімнің алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін Газаға гуманитарлық жүктің кіруін толығымен тоқтатты.
2023 жылдың 7 қазанында басталған әскери қимылдардан бері Израиль армиясының қарқынды шабуылдары салдарынан шамамен 2 миллион адам – яғни сектор халқының басым бөлігі – үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Азаматтық инфрақұрылым мен медициналық мекемелер де шабуыл астында қалып, бұл үлкен гуманитарлық апатқа әкелді.
Су мен электр қуатының өшірілуі, сондай-ақ барлық шекара өткелдерінің жабылуы жергілікті халықтың жағдайын одан сайын нашарлатты.
19 қаңтардан бастап уақытша атысты тоқтату режимі енгізілгенімен, 18 наурыз күні таңертең Израиль армиясы шабуылдарын қайта жалғастырды. Сол уақыттан бері Газада 2 273 адам қаза тапты, олардың басым бөлігі – әйелдер, балалар мен қарттар. Тағы 5 864 адам жарақат алған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 7 қазандағы операция басталғалы бері Газа секторында 52 365 палестиналық қаза тауып, 117 905 адам жараланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Израиль шабуылдарынан қаза тапқандардың 65 пайызы әйелдер мен балалар екенін жазған болатынбыз.