Бұл кезде Әбілхайыр қайтыс болып, оның хандығында іштей қырқысулар, билікке талас-тартыс өршіп тұрған еді. Оның ұлы Шейх Хайдар өз ішіндегі қазақ сұлтандарымен шайқасып жатты. Оған Жәнібек хан да араласып кетті. Жәнібектің ролі осы Әбілхайыр ұрпақтарымен күресте, Дешті Қыпшақ жерін қазақ хандығына қаратып алу үшін болған шайқастарда анық көрінеді.
Жалпы, Жәнібектің Орыс ханның шөбересі, Барақ ханның ұлы екенін айтып өттік. Ол шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі ен үлкені болатын. Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін оның өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек әкесі Барақ хан қайтыс болған соң 1428-1457 жылдары Әбілхайыр хандығы ішіндегі Сыр бойында жатқан ұлыстардың бірін басқарғаны белгілі.
Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылады. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі 1469 жылғы Әбілқайыр ханның Қазақ хандығы мен Моғолстанға жасаған жорығы сәтсіз аяқталып, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді. Екіншісіне Дешті Қыпшақта шайбанилық әулет билігінің жойылуы жатады. Шайбанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны жояды. Жойғандардың ішінде Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Алтын Орда хандығы, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы болды. Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлін осы жерден көреміз.
Кезінде Керей ханның айтқан «Алла тағала сәтін салған күні батыска - Түркістанға жол жүруіміз керек», - деген өсиетін іске асырып, Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Бұл кез - Қазақ хандығының толық, дербес, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған 1470-71 жылдар болатын.
Көп тарихшылар есімі ұқсас болғандықтан әз Жәнібекті Қырымның ханы Жәнібек және Астраханды басқарған Жәнібекпен үнемі шатастырады. Алайда, тарихшы Берекет Кәрібаев олар мүлде бөлек тұлғалар деген пікірде.
Қазақтың Жәнібек ханы XV ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткені осы ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшін күресте, қазақ хандарының екінші буыны Бұрындық, Қасым хандардың есімдері жазба деректерде кездесе бастайды.
Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдың соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар - осы Жәнібек ханның ұрпақтары.