Бар мен жоқтың арасы: Ақтөбеде әлі де кедергісіз қозғалу мүмкін емес

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 2023-2027 жылдар аралығында Ақтөбеде 1300-ден астам нысан бейімделуі тиіс. Бұл мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалысы үшін керек. Жоспар рет-ретімен орындалып жатқанымен, жұмыс бірізді емес. Kazinform тілшісі есік алдындағы баспалдақ пен кіреберістегі табалдырықтан әрі аттай алмай жүрген жандардың мұң-мұқтажын тыңдады. 

Қолжетімділіктің интерактивті картасы

Елімізде Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау ақпараттық порталы жұмыс істеп тұр. Бұл жергілікті атқарушы органдардың деректерді тіркеп, ал қарапайым адамдардың ақпарат алып, талдау жасауына мүмкіндік беретін алаң. Дәл осы порталда Қолжетімділіктің интерактивті картасы бар. Онда облыстар тұсында түрлі сандар жазулы тұр. Мәселен Ақтөбе облысында 1329 нысан тіркелген. Олар әлеуметтік нысандар мен түрлі коммерциялық мекемелер. Порталдағы дерекке сүйенсек, оның 1018-і арбада отырғандарға, 1045-і есту қабілетінен айырылғандарға, 1030-ы зағиптарға, 1026-ы балдақпен жүретін адамдарға қолжетімді. Мұнда тағы бір сандық көрсеткіш бар. Ол тұстан кейбір әлеуметтік нысандар туралы мүлде ақпарат жоқ екенін көруге болады. Мәселен Ырғыз, Темір, Байғанин, Қобда аудандарындағы ауыл әкімдіктеріне, клуб пен мектеп, балабақшаға кірер кезде пандустың бар-жоғы туралы ақпарат мүлде жүктелмеген. Бұл аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінің міндетіне артылған шаруа. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, арнайы мониторинг топ тексеріп, бақылап отырады. Кейін кемшіліктерді департаментке хабарлайды. Кез келген тұрғын да шағым түсіре алады. Тек дәлелді фото мен видео болуы тиіс.

— Ақтөбе облысы бойынша 1329 нысан тіркеулі тұр. Оның бірі көзі көрмейтіндер үшін қолжетімді болса, енді біріне арбада отырғандар ғана кіре алады. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту бөлімдері inva.gov.kz порталына деректерді енгізуі тиіс. Сол жерден біз талдау жасап, түгелдейміз. Мәселен мектепті алсақ. Егер жасыл түсті көрсетсе, онда барлық талаптың сақталғаны. Пандус орнатылған, автотұрақта арнайы орны бар. Ал қызыл түсті көрсетсе, барып тексереміз. Бізге тек осы жол арқылы қадағалау мүмкіндігі берілген. Сонымен бірге мүгедекті бар адам белгілі бір нысанға кіре алмаса, өзіне қажетті қызмет түрін ала алмаса өтініш жаза алады. Онда да фото, видео ұсынуы тиіс. Құқықтық статистика прокуратурасы тексеру құжатын тіркейді. Кейін департамент мамандары тексереді. Биыл жоспардан тыс 2 тексеру болды. Оның бірі мемлекеттік, екіншісі әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген мекеме. Нұсқама берген соң 6 ай уақыт беріледі. Қайта тексеру кезінде кемшілікті түземесе Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзу» бабы бойынша жауапқа тартылады. Заңды тұлғаға 120 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Айыппұлды 7 күнде төлесе, тең жартысы есептеледі, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бөлімінің басшысы Эльмира Тасанова.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ескі ғимараттарды бейімдеу қиын — бөлім басшысы

Қазір тұрғын үй, түрлі коммерциялық құрылыс мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалысын ескерусіз қалдырмайды. Алайда ескі нысандарды бейімдеу қиын, кейде тіпті мүмкін емес.

— Мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалысына бірнеше мекеме жауапты. Егер қоғамдық көлік болса, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, егер үй, ғимаратқа пандус орнату болса, сол құрылысқа жауапты басқарма бақылау жүргізеді. Ал бұрын салынған нысандарды бейімдеу өте қиын. Себебі ұсыныс хат жазамыз, бірақ нысан жаңғыртуға жарамсыз. Көбі аудан, ауылда орналасқан. Сол ғимараттағы мекеме басшылығы өзгертуге жарамды болса бюджеттен қаржы қарастырады, ал мүмкін болмаса жаңа ғимарат та сұрауы мүмкін. Жергілікті атқарушы органның шешім қабылдауы тиіс. Ал кәсіпкерлік субьектілері міндетті түрде қолжетімді болуы тиіс. Елімізде Құрылыс кодексінің жобасы дайындалып жатыр. Егер сол кодекс қабылданса, жұмыс бір жүйеге келуі мүмкін. Ал қазір мүгедектігі бар адамдарға арналған талап-тілектер бірнеше заңда қарастырылған. Әзірге департамент белгілі бір нысанның жобасы, құрылыс барысына кірісе алмайды, — деді Эльмира Тасанова.

Жаңасы да жарамсыз — депутат

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Шахан Жолдасбаев мүгедектігі бар, кішкентай баласы бар адамдарға пандустың қолжетімді болғанын қалайды. Өзі жаңа құрылыстың басы-қасында жүріп, бірнеше рет кеңес те берді. Тіпті қаладағы жол жиектеріне арнайы бұдырлы төсемдер салды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қалада өзгеріс бар. Мемлекеттік мекемелерге, қызмет көрсету орындарына пандус салынды, орнатылды. Көбі талапқа сай. Бірақ мәселе түпкілікті шешілді деп айтуға болмайды. Пандус салынды ма, ол қолжетімді болуы тиіс. Алайда бізде әлі де кедергі бар. Қазір мен көшеге шықсам, еркін жүре алмын, түрлі ғимаратқа кедергісіз кіре аламын деп айта алмаймын. 3-4 жыл бұрын жолдағы жиектастар мәселесін қозғап, оларды алып, кедергісіз қозғалу үшін түзетілді. Қазір бұл талап кей жерде сақталған, кей тұста әлі де жиектас тұр. Мұндайда арбада отырған адамдар көлік жүретін жолмен жүреді. Себебі басқа амалы қалмайды. Тағы бір айта кететінім, ескерту айтып, жиектастарды алып тастағанымызбен, жол жөндеу, құрылыс жұмыстарынан кейін сол жиектастың қайта орнатылғанын да көрдім. Демек тапсырыс беруші де, мердігер де мұны ескермейді, — деді Шахан Жолдасбаев.

Оның айтуынша, қазір көп мекемеде электр көтергіштер тұр. Бұл пандус салуға есік алдындағы бос кеңістігі мүмкіндік бермейтін ғимарат иелерінің шешімі. Алайда оны қондырғанымен, оған техникалық қызмет көрсетуді бәрі естен шығарған.

— Тиімді тұсы — электр көтергіш көп орын алмайды. Тиімсіз тұсы — техника істен шыққанда жөндеу керек. Жаңбыр жауады, қар астында қалады, күн түседі. Демек техникаға қызмет көрсетіп, жөндеп тұру керек. Бізде оны қондырды, бірақ ешкім техникалық тексеруден өткізбейді. Дәл осындай электр көтергіш орнатқан ғимарат иелеріне хабарлама жіберіп, ескерту беріп отырамыз. Олар кепіл мерзімі аяқталған соң мән бермейді, сөйтіп қолдану керек болған кезде еске түседі. Бұл дұрыс емес. Электр көтергіш те лифт секілді жыл сайын техникалық сараптамадан өтіп, жарамдылығын растауы тиіс және рұқсат құжатын алғаны дұрыс. Сонда жұмыс бір жүйеге түседі. Ұсынысты министрлікке де жібердік, — деді облыстық мәслихат депутаты Шахан Жолдасбаев.

Оның айтуынша, ғимаратқа кіру мәселесі кезең-кезеңімен шешілгенімен, ғимарат ішінде қозғалу мүмкін емес. Тіпті Ақтөбе облысы әкімдігінің өзінде қабаттан қабатқа көтерілу мүмкін емес. Лифт өте тар, арбада отырған адам сыймайды. Сонымен бірге ғимараттардағы тазалық орындарының бәрі мүгедектігі бар адамдарға ығайлы етіп қайта жаңғыртылмаған.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Тағы бір мәселе — жерүсті өткелдері. Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова даңғылында екі өткел 2018 қолданысқа берілгенімен, әлі күнге дейін толыққанды кәдеге аспай тұр. Мұндағы лифттің де істен шыққанына бірнеше жыл болды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— 2023 жылы қалалық мәслихат жерүсті өткелін жөндеуге 70 млн теңге қаржы бөлді. Өткелде лифт ауыспаған. Жұмыс 2024 жылға шегерілгенімен, әлі күнге дейін толық аяқталмаған. Егер толық кәдеге жарамай тұрса, неге өзге жерге көшіріп, ол жерге жүргіншілер жолын салмасқа? Қазір жерүсті өткелі болса да адамдар жолдан жүгіріп өтеді. Бұл қауіпті емес пе? Полиция жол-көлік апаты азайды деп отыр. Бірақ баласын арбаға салған аналарымыз, қариялар ол жермен қалай жүреді. Тек мүгедектігі бар адамдарға емес, оларға да өткел үлкен кедергі, — деді Шахан Жолдасбаев.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сондай-ақ автобус паркі жаңарды, қоғамдық көліктің бәрінде мүгедектігі бар адамдарға арналған орын бар. Автобусқа мінуге арналған арнайы жылжымалы пандус қарастырылған.

— Ақтөбедегі қоғамдық көліктің 90%-да арнайы төсеніш бар. Жүргізуші тоқтап, ашып, мінуге көмектесуге міндетті. Алайда жүргізушілер жеме-жемге келгенде оны аша алмай қиналады, кейбірі міндетіне жатпайтынын айтады. Бұл біздегі кемшілік. Тіпті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірге барып қараған күні бәрі жабылып жүріп көмектесе алмады, жылжымалы пандус ашылмады. Жабылып көтеріп мінгізер ғой. Бірақ құлатып алса кім жауап береді? Бір сөзбен айтқанда жұмыс атқарылып жатыр, бірақ біз әлі күнге дейін көшеде емін-еркін қозғала алмаймыз, — деді Ш. Жолдасбаев.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Жерүсті өткелінде лифт: әкімдік пен мердігер соттасып жатыр

Облыстық мәслихат депутаты айтқан Ақтөбедегі жерүсті өткелі 2018 жылы қыста қолданысқа берілді. Биіктігі 6, ұзындығы 32 метр болатын өткел Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының теңгерімінде тұр. Ақтөбе қалалық әкімдігі 10 жылға жуық уақыт бұрын салынған өткелдің қай уақыттан бері жарамсыз болып тұрғанын нақты айтпады. Шын мәнінде мүгедектігі бар адамдар қолданысқа берілгеннен-ақ оны кәдеге жарата алмай келеді.

— 2023 жылы «Garant Stroy-K» ЖШС жөндеуге кірісіп, жыл соңында жөндеп берді. Бірақ көп ұзамай лифттің көтергіш механизмі қайтадан істен шықты. Содан соң Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы мердігер ұйымға қалыпқа келтіру жөнінде талап қойылған хат жіберді. Мердігер ұйым 2024 жылдың қазан айында және қайтара істен шығуына байланысты 2025 жылдың наурыз айында көтергіш механизмдерді жөндеді. Бірақ 2025 жылдың сәуір айында қайтадан істен шықты. Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы «Garant Stroy-K» ЖШС-не анықталған кемшіліктерді жоюды талап етіп, шағым хат жолдады. Қазіргі уақытта орталық мердігерді сотқа беріп қойды, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Істің қай уақытта аяқталарын ешкім дөп басып айта алмайды.

Бес жылда 1315 нысан бейімделуі тиіс

Мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін 2023-2027 жылдары аралығында 1315 нысанды бейімделуі тиіс. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, оның 907-і немесе 69% пайызы бейімделген. Биыл 209 нысанды бейімдеу жоспарланды. Алайда Ақтөбе облысы әлі де болса кедергісіз қозғала алатын өңірлер қатарына кірмейді. Бұл проблема соңғы жылдары ара-тұра айтылғанымен, мүгедектігі бар адамдар жиі қозғайтын проблема болып қала бермек.