«Барахолка»: 150-ден астам кәсіпкер базар аумағынан көшті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда бес базардың жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, оның ішінде толықтай абаттандыру жоспарланған әйгілі «Рахат» базары да бар.

Фото: Алматы әкімдігі

— Алматының Жетісу ауданында бұрынғы «Рахат» базары орналасқан аумақта көркейту жұмыстары басталды. «Барахолка» деп аталатын бұл базар тиісті рұқсат құжаттарсыз жұмыс істеген. Аумақты босату заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде жүзеге асырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін 150-ден астам кәсіпкер базар аумағынан көшті. Оларға көршілес базарлардан жеңілдетілген шарттармен баламалы сауда орындары ұсынылды, — деп жазды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жұмыс барысында кәсіпкерлер сауда контейнерлерін өз бетінше шығарып, кейбір құрылымдарды бұзды. Қазіргі таңда босатылған аумақта көркейту жобасы әзірленіп жатыр.

Жоба аясында базар келушілері мен аудан тұрғындарына арналған көгалдандырылған, жайлы қоғамдық кеңістік пен демалыс аймақтарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар аумақтың бір бөлігі автотұрақ ұйымдастыруға пайдаланылады. Бұл көлік тұрақтарын ретке келтіріп, ауданның көлік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл жұмыс «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында жүргізіліп, тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, Алматыдағы «Байсат» базарына сатып алушы тағы табылмады.