«Барахолка» бойындағы 100-ден астам жабайы сауда жойылды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ірі базарлар маңындағы жабайы саудамен күрес әлі жалғасып жатыр.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Ялян», «Алатау», «Сәлем» және «Байсат» базары бойындағы жабайы сауда нүктелері жойылды.

Науқан Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы және «Алматы — біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

— Жүргізілген рейдтердің нәтижесінде 100-ден астам стихиялық сауда нүктелері жойылды. Мұнда ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өнімдер рұқсат құжаттарынсыз, антисанитариялық жағдайда және абаттандыру ережелерін өрескел бұза отырып сатылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы «Белгіленбеген орындардағы сауда» және 505-бабы «Абаттандыру ережелері» бойынша 42 әкімшілік хаттама жасалды, сондай-ақ 70 текше метр астам қоқыс шығарылды, — делінген хабарламада.

Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық әкімдіктен атап өткендей, стихиялық сауда фактілерін анықтау және жою, сондай-ақ заңсыз орнатылған сауда объектілерін бөлшектеу жөніндегі ауқымды акция 15 сәуірде басталып, 2025 жылдың 1 мамырына дейін жалғасатын болады.

Осыған дейін Алматыда ірі сауда базарлары жаңартылатыны туралы жазғанбыз.

Еске салайық, бұған дейін «Алтын Орда», «Барлық» базарлары өзгертілетіні туралы жазған едік. 

Бұдан бөлек, бұзылатын алты базардың орнына не салынатыны белгілі болған. Жалпы Алматыда 59 базар бар. Оның 41-і жаңартылды.