Барахолкадағы өрттен бір адамды күйік шалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алатау базарындағы өртті ауыздықтау кезінде ер адамды күйік шалды.

Бұл туралы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова айтты. 

«22 жастағы ер адам жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілді», - деді С.Баймұхамбетова.

Оның мәлімдеуінше, Алатау ауданы «Солтүстік айналма жолы, 8» мекенжайындағы өрт туралы хабарлама таңғы 8:35-те түскен болатын.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 09:06-да тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді. Соның арқасында жапсарлас орналасқан бутиктерді жалын шарпыған жоқ.

Тілсіз жау екі контейнердегі тұрмыстық заттарды жарамсыз етіп, 60 шаршы метр аумақты шарпыған.