Барак Обама кортежінің мотоциклшісін көлік қағып кетті

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - АҚШ-та президенттік кортеж шеруінің қатысуымен көлік апаты болды. Соның салдарынан Барак Обамамен сайлау алдындағы сапарда бірге еріп жүрген мотоциклші қаза тапты.

Көлік апаты 9 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:45-те Флорида штатындағы Палм-Бич округінде орын алды. Оған Б.Обама өзінің сайлауалды науқанының алдында сапар жасаған еді. Округтегі полиция офицері Брюс Лорент І-95 тас жолымен өткен президенттің салтанатты шеруінің құрамында жүргенде оны пикап Форд F-150 қағып кетті.

  «Обама апатты көрген жоқ, себебі мотоцикл көліктер легінің ең басында келе жатқан. Бірақ ол «жедел жәрдем» келгенше мотоциклдің қасында жатқан зардап шегушінің денесін көрді», - деп баяндады Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни Обаманың Вашингтонға оралғаннан кейін шамамен үш сағаттан соң.