Барак Обама Қытайдағы АТЭЫ саммитіне қатысады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - АҚШ президенті Барак Обама ағымдағы жылғы қарашада Бейжіңде өтетін Азиялық-Тынықмұхиттық экономикалық ынтымақтастық (АТЭЫ) ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысады.

Мұндай мәлімдемені АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Сюзан Райспен келіссөздер нәтижесі бойынша ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Ян Цзечи жасады.

АТЭЫ мүше елдердің бейресми саммиттеріне екі жыл қатыса алмаған АҚШ президенті Бейжің маңындағы Хуайчжоу уезінде өтетін ірі халықаралық форумға қатысатынын растады. С.Райс хабарлағандай, Барак Обама Қытайға баратын осы сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамыту үрдісінде маңызды қадам болатынына сенімді. Еске сала кетейік, 2012 жылы Ақ үй басшысы АҚШ-тағы сайлауалды ішкі саяси оқиғалардың салдарынан Владивостокта (Ресей) өткен АТЭЫ саммитіне қатыса алмады. 2013 жылы АҚШ президенті елдегі бюджеттік проблемаларға байланысты Балиде (Индонезия) өткен АТЭЫ кезекті отырысына бара алмады. С.Райс Қытаймен қарым-қатынастар басым бағыттардың біріне жататынын, америкалық тарап Қытай мен АҚШ арасындағы ірі державалық қарым-қатынастардың жаңа үлгісін жасауға күш салуға ниетті екенін атап өтті. «Бұл АҚШ пен Қытайдың, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың мүдделеріне сай келеді», - деп мәлім етті ол. Келіссөздер барысында тараптар қазіргі халықаралық ахуал жайында пікір алмасты. Оның ішінде ҚХДР мен Иранның ядролық проблемалары, Ауғанстан мен Орта Шығыс мәселелері сөз болды. АТЭЫ - Азия-Тынық мұхит аймағында экономикалық өсімге, ынтымақтастыққа, саудаға, инвестицияларға жәрдемдесу үшін 1989 жылы құрылған мемлекетаралық форум. АТЭЫ-ға 21 ел мен аумақ қатысады. Оның үлесіне әлемдік ІЖӨ-нің 54 пайызға жуығы, халықаралық сауда-саттық айналымының 44 пайызы, тікелей шетелдік инвестициялардың 40 пайыздан астамы және әлем халқының 40 пайызға жуығы келеді. Сонымен қатар Моңғолия форумның тұрақты мүшесі ретінде қабылданады деп күтілуде. Моңғолия президенті формуға қатысуға Бейжіңге шақырылды.