АҚШ президенті үйіне, Германияны қоса есептегенде, 11 елдің қолдауын алып оралды. Бірақ Еуропа, Сирияны бомбыламастан бұрын химиялық қаруды Башар Асад үкіметінің пайдаланғанына нақты көз жеткізгісі келеді. Сарапшылардың баяндамасы қыркүйектің аяғында, ал БҰҰ мандатысыз бомбылау туралы АҚШ конгресінің шешімі - жуырда жариялануы мүмкін.
Петербургтегі G20 саммитінің экономикалық күн тәртібі екінші сатыға шегерілді. Бастапқыда бәрі Владимир Путин мен Барак Обаманың (АҚШ президенті зайыбысыз ұшып келді, бірақ жеке Cadillacымен және G20 белгісінің орнына жағаның қайырмасына америкалық байрақты тағыпты) ресми сәлемдесуінің қалай өтетіндігін, сосын - олардың не туралы және кіммен келісетіндігі күтілді.
Сирия бойынша жеке отырысты Владимир Путин Петергофтегі кешкі ас кезінде ұйымдастырды. «Әріптестер сұрады», деп түсіндірді ол. Пікірталас түнгі сағат бірге дейін жалғасты. Осы мәселенің ашық әрі жан-жақты талқылануы үшін Путиннің барлық жағдайды жасағанын атап өткім келеді, деп ақтарылды Обама. Екі елдің басшысы да үстел басынан көпшіліктің қолдауын алғандай сезіммен көтерілді.
Путин Американың одақтасына Түркияны, Канаданы, Сауд Арабиясын, Францияны және британдық премьер Дэвид Кэмеронды жатқызды. «Канцлер Ангела Меркель де өзін өте сақ ұстауда, Германия ешқандай әскери іс-қимылдарға қатыспайды», деп мәлімдеді Путин қорытынды баспасөз мәслихатында. Ресейдің жақтастары ретінде ол Қытайды, Үндістанды, Индонезияны, Аргентинаны, Бразилияны, ОАР, Рим папасы мен БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунды атады.
БҰҰ санкциясын алмай Сирияның ішкі ісіне араласу заңсыз, деді Путин. АҚШ көзқарасына қосылуға кейбір елдерге кедергі болып отырған жалғыз мәселе осы ғана, деп келісті көрші брифинг-залдағы Барак Обама. Путин мен Обаманың қорытынды баспасөз мәслихаты бір жарым сағат айырмашылықпен басталуы тиіс еді, бірақ Ресей президенті 1 сағат 5 минутқа кешігіп бастады, ақыры екеуінің баспасөзбен әңгімесі бір уақытта өтті.
Егер БҰҰ қауіпсіздік кеңесі шарасыз болса, Әлем қол қусырып қарап отыра алмайды, Америка нөмірі бірінші держава ретінде жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын, деді Обама. Асад режимінің химиялық қару қолдануы тек Сирияның трагедиясы емес, бұл бүкіл әлемге төнген қауіп екендігін атап өтті Барак Обама. Бірер сағаттан кейін, Сирияны БҰҰ мандатысыз бомбылау туралы АҚШ мәлімдемесіне Австралия, Канада, Франция, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Испания, Түркия, Ұлыбритания қол қойғандығы белгілі болды. Саммит аяқталғаннан кейін оған Германия да қосылды.
Әзірге Американың «батыл қимылын» тек моральдық тұрғыда қолдау туралы әңгіме болуда. Вильнюсте Евроодақтың 28 елінің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керриге әскери қимылды кейінге шегере тұру туралы өтініш айтты. Обаманың өтінішін конгресс 11 қыркүйек күні мақұлдайды деп күтілуде. Ал БҰҰ сарапшыларының кімнің химиялық қаруды қолданғанын анықтайтын баяндамасы қыркүйектің аяғында жариялануы тиіс.
Әзірге Штаттар кейінге шегеру мәселесін тиянақты анықтаған жоқ. Ал Бар Обама журналистерге, өзінің халқына 10 қыркүйек күні мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Оның «Мен соғысты бастау үшін емес, аяқтау үшін сайландым, бірақ бізге қиын таңдауларды жасауға тура келетін сәттер болады», деген сөзі американдықтарды қаншалықты иландыратыны белгісіз. Демалыс күндері Нью-Йорк пен АҚШ-тың басқа да қалаларында Сирияға шабуыл жасауға қарсы шыққан шерулер болып өтті. Белсенділердің бірі көшеге «Барак Обомба» деген жазуы бар ішкөйлекпен шықты.