Бәрі де - құдіретті өнердің арқасы - Самал Әбуов

Фото: None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес «100 жаңа есім» жобасына Батыс Қазақстаннан облыстық қазақ драма театрының режиссері әрі актері Самал Әбуов ұсынылған болатын. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі Самал Қадерұлымен сұхбаттасқан еді.

- Самал Қадерұлы, театрға қалай келдің, алдымен сол жөнінде айтып өтсең?

- Мен тарихи Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында дүниеге келдім. Атақонысымыз Қарой елді мекені - балалығымның бастау алған жері. Марқұм әкем Қадер трактордың тізгінін ұстаған шебер, тұлғалы, әзілді жақсы көретін, өте ұстамды, сабырлы адам еді. Анам Меруерт жұмсақ мінезді, ақкөңіл, қарапайым болатын. Өнер дегеніміз - адамның бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі. Лев Толстой бекер айтпаса керек. Айналаға - әлемге көзқарас, ішкі жан-дүниеңдегі алай-дүлей, толғаныс-тебіреніс, жан сырыңды ақтаратын қабілетім жететін мамандық өнерге келгеніме өзімді бақытты сезінемін. Соның ішінде театр өнерінің мен үшін орны бөлек. Ал енді осы жолға келуіме себепкер болған, әрине, ең бірінші мені тәрбиелеп өсірген ата анам, мектептегі ұстаздарым болса, «Ел іші - өнер кеніші» деп тегін айтылмаса керек, көпшілік ортада ән айтып жүрген ағаларым Нұрболат, Нұрман, апаларым Гүлжиян, Анардың ересен ықпалы болды деп ойлаймын. Әсіресе, ағам Нұрман бала кезімде маған сурет салудың қыр-сырын терең ұғындырып, әңгімелер жаздырып, шахмат ойнауды үйретті. Алғаш мектеп бітірген жылдары суретші мамандығын таңдап, жолым болмай, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепте еңбек жолымды бастадым. 1997 жылы Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институтын бітірдім. Жұбайым Эльмира Мақашева екеуміз аптасына үш рет көрерменмен кездесіп, киелі сахна төрінде өнерімізді көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп келе жатқанымызға биыл, міне, жиырма жылдай болған екен. 2015 жылы Москвада А.Чехов атындағы ХII халықаралық театр фестивалінің аясында өткен ТМД, Балтық, Грузия және Ұлыбритания елдері жас режиссерлерінің лабораториясына қатыстым. Сонымен бірге әйгілі кино және театр майталмандары Владимир Панков, Виктор Рыжаков, Кама Гинкас, Адольф Шапиро, Анатолий Васильев, Андрей Кончаловскийден шеберлік сабағын алдым. 2016 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің, 2016 жылы 21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғалым Ахмедьяровтың алғысхатына және Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Алтынбек Мақсұтовтың құрмет дипломына ие болдым. Биылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алғысхатымен марапатталдым.

Жақында башқұрт драматургі Флорид Буляковтың шығармасы бойынша қойған «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиям «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында БҚО күндерінде елорда тұрғындарына көрсетіліп, қошеметке бөленді. Ұл, қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз. Бүгінгі жетіп отырған табысым, жетістігім осы құдіретті өнердің арқасы деп ойлаймын.
 

-Сенің ойыңша, актер болу оңай ма, режиссер болу оңай ма?

-Бір қарағанда актер болу оңай сияқты. Шындығында екеуі де инемен құдық қазғандай, қажырлы еңбек, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық екенін көбі түсіне бермейді. Константин Станиславский «Менің өмірім, өнерім» атты кітабында «Әртіс өз бетімен, өз еркімен іштей және сырттай жұмыс жасауы тиіс және жеке рольмен күнделікті еңбектену керек, адам бойындағы бала кезден қалыптасып қалған кейбір ұялшақтық, жасқаншақтық, қорқақтық, шешімге келе алмаушылық деген сияқты жағымсыз факторлардан арылу керек», - деген екен. Бұл мамандықтар адамнан ізденісті,оқуды, зерттеуді талап етеді. Әрине, актерға кейіпкердің ішкі жан сарайын ашып, мінез-құлқын айқындап, образға енгізіп, сахнада шабыт беретін режисер мамандығы. Тек режиссер ғана актерлармен ортақ тіл табу арқылы үлкен табысқа жетеді. Сондықтан да жоғары оқу орындарында бес жылдап кадрлар даярлайды. Шын мәнінде екеуі де - өте қиын өнер.
 

Режиссер ретінде қазақ драматургиясына не жетіспейді деп ойлайсың?

- Әрине, драматург пьеса жазады, режиссер оны таңдап сахнаға қояды. Актер орындайды, сыншы бағалайды. Пьеса таңдау өте қиын мәселе болып тұр. Драматургия жоқ емес бар, дегенмен оқиға, тартыс, сөздері жұтаң. Қазіргі көзі қарақты көрерменнің талғамы жоғары, арзан сөз, езбе, көп мылжыңды жаратпайды. Қалай болғанда да терең мағыналы, ой салатын дүниелерді күтеді. Оның үстіне қазір драматургтар мен режиссерлар арасында байланыс жоқ. Мен осетин, қырғыз, әзербайжан драматургтарымен үнемі әлеуметтік желі, телефон арқылы амандық білісіп, хабарласып отырамын. Кеңесіп, пікірлесіп, бір-біріміздің ойымызды толықтырамыз. Олардың режиссерға деген құрметі ерекше. Сондықтан көбіне аудармаға жүгініп жатамыз. Сосын олар бірінші қаламақыдан гөрі сапалы дүние шыққанын қалап, үнемі хабарласып отырады. Мысалы, драматургтер Асахмат Айларов, сондай-ақ Жеңішкүл Өзүбекова, Нұрбүбі Мұсаева апаларымыз: «Әуелі сапалы дүние болсын, кейін көрермен көңілінен шығып жатырса, жіберген қаламақыларыңның сол барын қанағат тұтамыз. Ең бастысы, жазған дүниелеріміз сөрелерде шаң басып жатпай, жер-жерде қойылып жатса, соның өзі - бақыт», - дейді.
 

Алдағы жұмыс жоспарларың, мақсаттарың қандай?

Алдағы уақытта кішкентай көрермендерге Мейіржан Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі», Дулат Исабековтің «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегілерін және Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалы комедиясын қоюды жоспарлап отырмын. Келер жылы Наурыз мерекесіне арнап аңыз ертегі қойғым келеді. Оны уақыт көрсетер деп ойлаймын.
 

Тарихи Бөкей ордасы өңірінің перзенті ретінде «Туған жер» бағдарламасына орай қандай жобаларды қолға алу керек деп есептейсің?

- Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Бөкей ордасы ауданы - менің туып-өскен жерім, ата-бабамның, ата-анамның кіндік қаны тамған қасиетті жер. Сондықтан ауылға қатысты ойлар көп. Ең бастысы, денсаулық, әсіресе, жол мәселесін және ауыл мәдениетін көтеру бағыты бойынша жобаларды қолға алу керек деп ойлаймын.

Айта кетейік, Самал Әбуов театрға келгеннен бері қырыққа жуық рөлде ойнады. Олардың ішіндегі айтулылары ретінде Г.Хугаевтың «Қиқарлар» комедиясындағы - Сандроны, Т.Ахтановтың «Ант» драмасында - Хазірет, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясындағы - Нұрбай Ағабев, М.Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасындағы - Левицкий, С.Ахмадтың «Суперкелін» комедиясындағы - Мамыр, Д.Исабековтің «Әпке» драмасындағы - Омар, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» драмасындағы - Сейдахмет, Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат!» трагифарсындағы - Крисипп, И.Ғайыптың «Мәңгілік алтын адам» драмасында - Таңатар би және образдарын атап айтуға болады.

С.Әбуов өзін қоюшы-режиссер ретінде де таныта бастады. Ол қойған М.Ахманов пен М.Томановтың «Қошқар мен теке», А.Атымтаеваның «Кім патша», Е.Шварцтың «Күлбике», Н.Мұсаеваның «Сенімді дос» ертегісі кішкентай көрермендер үшін тарту болса, драматург А.Айларовтың (аударған Э.Мақашева) «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясы, Ж.Өзбекованың «Толғақ» психологиялық драмасы, Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды драма қойылымдары театр репертуарына тың дүниелер ретінде қосылды.

С.Әбуов пен Э.Мақашева - бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған өнерлі отбасы. «Қазақстан-Орал» телеарнасының «Мерейлі отбасы», «Ғашық жүрек» бағдарламаларының кейіпкері ретінде ел жақсы біледі. С.Әбуов әріптестері арасында беделді, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі.