Бәрі сенің аяғыңнан: Астанада дүкен жыртық туфлиді ауыстырмай қойған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есіл аудандық сотында азамат М-ның «Е» ЖШС-нен сапасыз тауар құнын өндіріп алу туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап.

2017 жылы талапкер «Е» итальяндық аяқ киім дүкенінен құны 61 800 теңге тұратын әйелдер аяқ киімін сатып алған. 2  күн пайдаланғаннан кейін туфлидің оң жақ сыңарының алдындағы тігісі ашылып кеткен. Одан кейін ол дүкенге келіп, ауыстырып беруін сұраған. Алайда дүкен бұл кемшілік талапкердің аяғындағы ақауынан болған деген себеппен туфлиді ауыстырудан бас тартқан.

Өз құқықтарын қорғау үшін тұтынушы Астана қалалық «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігіне жүгінген. Ол мәселені сотқа жеткізбей шешу жөнінде жауапкерге арызданған. Алайда, ол бұл дауды сотқа дейін шешу үшін шара қолданбаған.

Іс материалдарын зерделей келіп, сот жауапкерден 61 800 теңге мөлшерінде сапасыз тауардың құнын талапкердің пайдасына өндіріп берді.

Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі алқа сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. 

Қаулы заңды күшіне енді.