«Барыс» «Ак Барстан» төртінші мәрте жеңілді

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында ресейлік клубтың белсенділігі байқалды.

Нәтижесінде олардың қатарынан Дмитрий Юдин 4-минутта «Барыс» қақпасынан саңылау тауып кетті.

Ал 12-минутта Кирилл Семёнов «Ак Барс» басымдығын арттыра түсті.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ойынның 19-минутында қазақстандық клубтан Давид Скленичка есеп айырмасын қысқартса, «Ак Барс» хоккейшісі Митчелл Миллер 46-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді. Бұл — олардың қатарынан бесінші жеңілісі.

Сондай-ақ, биыл астаналық команда аталған қарсыласына төртінші мәрте жеңіліп қалды.

Айта кетсек, биыл елордалық клуб сәтсіз ойын көрсетіп келеді.

Салдарынан турнир кестесінде «Барыс» қазір 55 ойыннан кейін 44 ұпаймен 19-орында тұр.

Енді «Барыс» алдағы бес ойынын елордада өткізеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алдымен 31 қаңтарда Ресейдің «Авангард» (Омбы) клубымен кездеседі.

Одан кейін 4 және 6 ақпанда «Амур» (Хабаровск), 8 ақпанда СКА (Санкт- Петербург), 10 ақпанда «Спартак» (Мәскеу) клубтарымен ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» «Лада» командасына есе жіберген еді. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform