Команда құрамындағы қазақстандық хоккейшілер 15 шілдеде елордаға жиналды. Олардың қатарында қақпашы Владислав Нурек, қорғаушылар Бейбарыс Оразов, Артём Королёв пен Кирилл Никитин, шабуылшылар Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Семён Симонов, Абзал Әлібек және Асанәли Саркенов бар.
Хоккейшілер жаттығу процесін бастап, мұз айдынындағы алғашқы жаттығуын өткізді. 1 тамыздан кейін олардың қатарына тағы бірнеше ойыншы қосылады.
Астаналық клуб 17-20 тамыз аралығында Ресейдің Уфа қаласында өтетін «Башқұртстан Республикасы кубогы» турниріне қатысады. Одан кейін Михаил Кравецтің шәкірттері сол елдің Санкт-Петербург қаласында жалауын көтеретін Николай Пучков атындағы турнирде бақ сынайды. Команданың 2026/27 жылғы ҚХЛ маусымына дайындықтың қорытынды кезеңі 31 тамыз-6 қыркүйек аралығында «Барыс Аренада» өтеді.
Алдағы маусымда ұжымның бас бапкері қызметін Михаил Кравец атқарады. Оның көмекшісі болып отандық жанкүйерлерге жақсы таныс маман Талғат Жайлауов бекітілді.
Шабуылшылармен Александр Савченков, ал қорғаушылармен Евгений Королев жұмыс істейді. Қақпашыларды дайындау ісі Константин Барулинге сеніп тапсырылды.
Алдағы маусымға барлығы 22 команда қатысады. Олардың қатарында елордалық «Барыс» та бар. Командалар жылдағыдай Шығыс және Батыс конференциясына бөлінген.
Шығыс конференциясына Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург), «Ак Барс» (Қазан), «Металлург» (Магнитогорск), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Трактор» (Челябі), «Авангард» (Омбы), «Адмирал» (Владивосток), «Амур» (Хабаровск), «Салават Юлаев» (Уфа), «Сибирь» (Новосібір) және қазақстандық «Барыс» енгізілген.
Батыс конференциясында Ресейдің СКА (Санкт-Петербург), «Спартак» (Мәскеу), «Торпедо» (Нижний Новгород), «Лада» (Тольятти), «Сочи», «Динамо» (Мәскеу), «Локомотив» (Ярославль), «Северсталь» (Череповец), ЦСКА (Мәскеу), Беларусьтің «Динамо» (Минск), Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» командалары сынға түседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын шайбалы хоккейден Қазақстан Кубогының топтық құрамы мен матчтар күнтізбесі белгілі болды.