«Барыс» «Авангардтан» жеңіліп қалды

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Қатарынан екі мәрте жеңіске жеткен елордалық клуб бұл жолы да сол сәттілік сериясын жалғастыруға күш салды.

Десе де ресейлік команда биыл турнир кестесінде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, 53 ұпаймен 3-орында келеді.

Кездесу басынан екі команда бірден шабуылға көшті. Алдымен ресейлік клубтың басымдығы байқалып тұрды.

Олардың қатарынан 2-минутта Иван Игумнов мергендік танытты.

Ал 12-минутта Александр Филатьев басымдықты арттыра түсті.

Екінші кезеңде «Барыс» командасы таразы басын теңестіруге ұмтылды.

Ойынның 24-минутында жасалған кезекті шабуылдың бірінде Евгений Рымарев 24-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

«Авангард» сапынан Артём Чмыхов 41, Иван Николишин 51, Семён Чистяков 54-минутта есепті ұлғайта түсті.

Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:5 есебімен есе жіберді.

Енді елордалық клуб 7 желтоқсанда «Сибирь» (Новосібір) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын астаналық клуб Ресейдің «Северсталь» командасын овертаймда жеңген еді.