«Барыс» қатарынан бесінші ойын жеңіске жете алмай келеді

Фото: "Барыс" ХК

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Витязь» (Подольск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бүгінгі кездесуде екі команда жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде 5-минутта елордалық клубтан Понтус Оберг есеп ашып кетті. Одан кейін 6-минутта «Витязь» сапынан Александр Яремчук таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде қазақстандық команда қайта алға шықты. Бұл жолы 21-минутта Кирилл Савицкий көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 35-минутта ресейлік кдубтан Станислав Яровой тағы да есепті теңестірді.

Ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталып, овертаймға ұласты. Онда ресейлік клубтың жолы болды.

Осылайша «Барыс» қатарынан бесінші ойында жеңіліс тапты.

Енді аталған клуб 9 қазанда елордада Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы ойын өткізеді.

Елордалық клуб бұдан бұрын қатарынан төртінші мәрте жеңілгенін жазған едік.