АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу бүгін, 4 ақпан елорда уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Екі команда бұған дейін 49 мәрте кездескен. Оның 29-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойындарда ресейлік команда жеңіске жетті.
Турнир кестесінде «Барыс» 57 ойыннан кейін 44 ұпаймен 22-орында тұр. Ал «Амур» 58 ойыннан кейін 56 ұпаймен 17-орында келеді.
Елордалық клуб соңғы 10 ойынның тоғызында қарсыластарына есе жіберді.
Қазақстандық ұжым бұдан кейінгі үш ойынды да елордада өткізеді. Алдымен 6 ақпанда «Амур» (Хабаровск) клубымен қайта кездессе, 8 ақпанда СКА (Санкт- Петербург), 10 ақпанда «Спартак» (Мәскеу) клубтарымен ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан алтыншы мәрте жеңілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.