«Барыс» бүгін елордада «Лада» командасымен кездеседі

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 14 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізеді.

Кездесу Қазақстан уақытымен 17:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Кейінгі бес кездесудің төртеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Турнир кестесінде «Барыс» 42 ұпаймен 19-орынға жайғасса, «Лада» 39 ұпаймен 20-орында келеді.

Ережеге сәйкес плей-офф кезеңіне турнир кестесінде алғашқы он алты құрамына енген командалар шыға алады. Қазақстандық команда кейінгі екі жылда мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алған жоқ.

Қазақстандық клуб бұдан кейін үш ойынын елордада өткізеді. Алдымен 17 ақпанда Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) клубымен кездессе, 20 ақпанда Қытайдың «Шанхай айдаһарлары» (Шанхай), 22 ақпанда Ресейдің «Северстальв» (Череповец) командаларымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада СКА командасына есе жіберген еді.