«Барыс» бүгін елордада «Металлург» командасымен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 17 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кейінгі 5 кездесудің төртеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді. Турнир кестесінде «Барыс» 44 ұпаймен 19-орынға жайғасса, «Металлург» 87 ұпаймен 1-орында келеді.
Айта кетсек, плей-офф кезеңіне турнир кестесінде алғашқы 16 құрамына енген командалар шыға алады. Қазақстандық команда кейінгі екі жылда мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алған жоқ.
«Барыс» клубы бұдан кейін екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 20 ақпанда Қытайдың «Шанхай айдаһарлары» (Шанхай) клубымен кездессе, 22 ақпанда Ресейдің «Северстальв» (Череповец) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Лададан» басым түсті.