АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 23 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.
Ойын елорда уақытымен 16:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 59 мәрте кездескен. Оның 27-сi елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Қазір турнир кестесінде «Барыс» 26 ұпаймен 23-орында тұрса, «Cибирь» 49 ұпаймен 16-орында келеді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 31 қаңтарда Ресейде «Авангард» (Омбы) клубымен кездессе, одан кейін 2 ақпанда «Амур» (Хабаровск), 4 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командаларымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Адмиралға» есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.