АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің «Северсталь» командасына жол берді.
Бұл ойында елордалық клуб сапынан Мейсон Морелли 12, Владимир Волков 13-минутта гол соқса, оған ресейлік клубтан Кирил Пилипенко 5, 34, Никита Кмалов 35-минутта үш голмен жауап қайырды.
Қазақстандық клуб осылайша қатарынан екінші мәрте жеңіліп отыр. Олар бұдан бұрын Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына 1:5 есебімен жол берген еді.
Енді астаналық клуб алдағы ойынын 22 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.