«Барыс» елордада «Амурға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында елордалық команда белсенді бастады. Нәтижесінде 4-минутта Роман Старченко ресейлік клубтың қақпасынан саңылау тапты.
Ойынның 26-минутында «Амур» сапынан Алекс Бродхёрст таразы басын теңестіріп кетті.
Ал 48-минутта олардың қатарынан Ян Дрозг ресейлік клубты алға шығарды.
Ойынның 51-минутында «Барыс» хоккейшісі Аркадий Шестаков мергендік танытты. Есеп 2:2.
Овертаймда «Амур» хоккейшісі Владислав Барулин ойынның нүктесін қойды.
Осылайша қарсыласына овертаймда 2:3 есебімен есе жіберді. Бұл - елордалық клубтың қатарынан жетінші жеңілісі.
Айта кетсек, елордалық команданың плей- офф сатысына шығу мүмкіндігі қиындап барады. Қазір оған шығуға жол ашатын 16-орындағы командадан 13 ұпайға қалып тұр. Алда небәрі 11 ойын ғана қалды.
Қазақстандық ұжым бұдан кейінгі үш ойынды да елордада өткізеді. Алдымен 6 ақпанда «Амур» (Хабаровск) клубымен қайта кездессе, 8 ақпанда СКА (Санкт- Петербург), 10 ақпанда «Спартак» (Мәскеу) клубтарымен ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» қатарынан алтыншы мәрте жеңілді.