«Барыс» хоккей командасының бас директоры тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM - «Барыс» хоккей командасының бас директоры қызметіне Сәкен Мұсайбеков тағайындалды.
Сәкен Жүнісбекұлы 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының көмекшісі, ҚР мемлекеттік кіріс министрінің кеңесшісі, ҚР Қаржы министрлігі әкімшілік департаментінің директоры, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Қазақавтожол» РМК бас директорының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі болып, өзге де салаларда қызмет атқарған.
Сәкен Мұсайбеков спорт саласында басшылық қызметте болған. Бұған дейін Сәкен Жүнісбекұлы Қазақстан хоккей федерациясы бас директорының қызметін атқарды.
Айта кетсек, биыл сәуір айында Нұрлан Оразбаев «Барыс» командасының бас директоры қызметінен кетті.
Биыл «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойын көрсетті. Шығыс конференциясында 12 орын алып, 68 ойыннан кейін небәрі 35 ұпай жинады.