«Барыс» қатарынан сегізінші мәрте жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Алғашқы екі кезеңде есеп ашылған жоқ.
Командалар өрескел қателікке бой алдырмауға тырысты.
Сондықтан дөрекі қимылымен көзге түсіп, айдыннан қуылмауға тырысты.
Бірінші кезеңде Кристиан Хенкель ғана 11-минутта осындай қимылымен көзге түсті.
Ойынның 54-минутында «Амур» хоккейішісі Владислав Барулин мергендік танытса, Дмитрий Шевченко 59-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберіп, қатарынан сегізінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Айта кетсек, «Барыс» аталған қарсыласынан екі күн бұрын 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Екі команда бұған дейін 50 мәрте кездескен.
Оның 29-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойындарда ресейлік команда жеңіске жетті.
Турнир кестесінде «Барыс» 58 ойыннан кейін 44 ұпаймен 22-орында тұр.
Ал «Амур» 59 ойыннан кейін 58 ұпаймен 17-орында келеді.
Елордалық клуб соңғы 10 ойынның тоғызында қарсыластарына есе жіберді.
Қазақстандық ұжым бұдан кейінгі екі ойынды да елордада өткізеді.
Алдымен 8 ақпанда СКА (Санкт-Петербург), 10 ақпанда «Спартак» (Мәскеу) клубтарымен ойнайды.