«Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңілді

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Бірінші кезеңде командалар бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде «Торпедо» сапынан Сергей Гончарчук 1-минутта есеп ашса, 3-минутта «Барыс» сапынан Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде ресейлік команда үш шайба соғып кетті. Оны Василий Атанасов 29, Максим Летунов 37, Владислав Фирстов 39-минутта өзінің еншісіне жазды.

Ал 51-минутта елордалық клубтан Рудольф Червены есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді. Салдарынан елордалық клуб қатарынан үшінші мәрте жеңілді.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 23 қарашада елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Номад» командасы шайбалы хоккейден Құрлық кубогының финалына шықты.