Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform .
Бірінші кезеңде командалар бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде «Торпедо» сапынан Сергей Гончарчук 1-минутта есеп ашса, 3-минутта «Барыс» сапынан Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде ресейлік команда үш шайба соғып кетті. Оны Василий Атанасов 29, Максим Летунов 37, Владислав Фирстов 39-минутта өзінің еншісіне жазды.
Ал 51-минутта елордалық клубтан Рудольф Червены есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді. Салдарынан елордалық клуб қатарынан үшінші мәрте жеңілді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 23 қарашада елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Номад» командасы шайбалы хоккейден Құрлық кубогының финалына шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.