«Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық команда ескі жылдағы соңғы ойынында жинақы қимыл көрсете алды. Нәтижесінде бірінші кезеңде қарсылас команда қақпасына жауапсыз үш шайба соғып үлгерді.
Алдымен 8-минутта Аркадий Шестаков мергендік танытса, 9-минутта Давид Скленичка көзге түсті. 16-минутта Рудольф Червены басымдықты арттырып, есепті үстемеледі.
Кездесудің 23-минутында Энтони Камара елордалық команданың бұл ойындағы төртінші голын өз атына жазды.
Үшінші кезеңде де командалар бір-бірінің қақпасының маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде ресейлік хоккейші Никита Сошников 48-минутта есеп айырмасын қысқартса, қазақстандық Аркадий Шестаков «Барыс» командасының бесінші шайбасын салып, ойынның нүктесін қойды. Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 2024 жылдың 3 қаңтарында Ресейде «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» хоккейшілері қатарынан екінші мәрте жеңіске жеткен болатын.