Қазақстандық команда ескі жылдағы соңғы ойынында жинақы қимыл көрсете алды. Нәтижесінде бірінші кезеңде қарсылас команда қақпасына жауапсыз үш шайба соғып үлгерді.
Алдымен 8-минутта Аркадий Шестаков мергендік танытса, 9-минутта Давид Скленичка көзге түсті. 16-минутта Рудольф Червены басымдықты арттырып, есепті үстемеледі.
Кездесудің 23-минутында Энтони Камара елордалық команданың бұл ойындағы төртінші голын өз атына жазды.
Үшінші кезеңде де командалар бір-бірінің қақпасының маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде ресейлік хоккейші Никита Сошников 48-минутта есеп айырмасын қысқартса, қазақстандық Аркадий Шестаков «Барыс» командасының бесінші шайбасын салып, ойынның нүктесін қойды. Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 2024 жылдың 3 қаңтарында Ресейде «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» хоккейшілері қатарынан екінші мәрте жеңіске жеткен болатын.