«Барыс» қазақстандық 12 хоккейшімен келісімшартқа қол қойды

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM — «Барыс» қазақстандық бірқатар хоккейшімен келісімшартқа қол қойды.

Мұндай мүмкіндікке ие болғандар арасында өткен маусымда команда құрамында ойын көрсеткен Бейбарыс Оразов, Кирилл Никитин, Мәди Диханбек, Руслан Оспанов, Семён Симонов, Кирилл Ляпунов, Николай Шульга сынды хоккейшілер бар.

Сондай-ақ Джохар Дударкиев, Кирилл Канкин, Әділ Бейсембаев, Асанәлі Русланұлы, Владимир Корчагин команда құрамын толықтырады.

Елордалық «Барыс» командасының Құрлықтық хоккей лигасы 2025-2026 жылғы жаңа маусымын қашан бастайтыны белгілі болды.

Қазақстандық клуб жаңа маусымда алғашқы үш ойынды елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады. 

Биыл «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойын көрсетті. Шығыс конференциясында 12 орын алып, 68 ойыннан кейін небәрі 35 ұпай жинады.

Оқу-жаттығу жиынының негізгі бөлігі Астана қаласында өтеді. Алдымен медициналық комиссия тексеруінен кейін екіжақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер 15 шілдеден бастап дайындыққа кіріседі. Ал 1 тамыздан бастап біржақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер олардың қатарына қосылады.

Елордалық команда 26-29 тамыз аралығында Ресейдің Магнитогорск қаласындағы халықаралық «Иван Ромазан мемориалы» турниріне қатысады.