«Барыс» клубының сапына жаңадан төрт хоккейші қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық «Барыс» командасы 4 хоккейшіні қатарына қосты. Олардың қатарында аталған ұжымның намысын бұрын қорғаған канадалық қорғаушы Алекс Грант та бар.

Фото: "Барыс" хоккей клубынан

Канадалық қорғаушымен келісімшарт 2024/2025 жылғы маусымның соңына дейін жасалған. Қазақстандық жанкүйерлер үшін Алекс Грант есімі жақсы таныс. 2022/2023 жылғы маусымда ҚХЛ тарихында бір ойында покер жасаған алғашқы қорғаушы болды.

Сондай-ақ команда сапына ресейлік Никита Сетдиков, Илья Хохлов, Станислав Бочаровпен маусым соңына дейін келісімшартқа қол қойды. 

Одан бөлек команда құрамынан Уэйд Эллисон мен Чейс Де Лео сынды шетелдік хоккейшілер кетті. 

Биылғы маусымды «Барыс» сәтсіз өткізіп жатыр. Елордалық ұжым 12 ойынның 10-ында жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесінде соңғы орында тұр.