Елордалық команда бұдан бұрын қатарынан үш мәрте жеңіліс тапты. Салдарынан турнир кестесінде жағдайын біршама қиындатып алды.
Сол себепті «Барыс» алғашқы минуттан шабуылға көңіл бөлді.
Ойынның 13-минутында Кирилл Савицкий мергендік танытса, 18-минутта Райли Барбер есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде екі команда да гол соғатын мүмкіндікті іздеді.
Нәтижесінде «Сочи» сапынан Сергей Попов 34, Джесси Грэм 38-минутта гол соқса, елордалық командадан Понтус Оберг 36-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Үшінші кезеңде елордалық клубтан Батырлан Мұратов 46-минутта гол соқса, Понтус Оберг 58-минутта аталған ойында өзінің шайбасының авторы атанды.
Ал 59-минутта ресейлік клубтан Матвей Мичков есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, үшінші ойынға созылған жеңіліс сериясын тоқтатты.
Енді елордалық клуб 22 қазанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 24 қазанда Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.