«Барыс» овертаймда «Металлург» командасынан жеңілді
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Ресейлік клуб биыл жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соның арқасында 2-орынға орналасқан.
Ал «Барыс» төменгі орындардың бірінде келеді.
Кездесу барысында командалар алма-кезек шабуылға шықты. Елордалық клуб сапынан Райли Барбер 14, Роман Старченко 22-минутта екі гол соғып кетті.
Келесі кезекте ресейлік командадан Данил Юров 25, Никита Гребёнкин 35, Никита Михайлис 36-минутта мергендік танытты.
Есеп 2:3. Ресейлік клуб алға шықты.
Ал 57-минутта «Барыс» сапынан Рудольф Червены таразы басын теңестірді.
Ойынның негізгі кезеңі 3:3 есебімен тең аяқталды. Овертаймда «Металлургтің» жолы болды.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен жол берді.
«Барыс» бұдан кейінгі ойынын 18 қазанда Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб өз алаңында «Локомотив» командасынан жеңіліп қалған еді.