Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордада өтіп жатқан «Барыс» командасы мен Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасының кездесуі қайтыс болған шахтерлердің рухына тағзым ретінде бір минуттық үнсіздікпен басталды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық команда қазір 24 ойыннан кейін 21 ұпаймен Шығыс конференциясында 11 орында келеді.
Ал «Торпедо» 23 ойыннан кейін 30 ұпай жинап, Батыс конференциясында төртінші орында тұр.
Айта кетсек, қазақстандық команда соңғы екі ойында жеңіліп, минскілік «Динамо» (1:2 ОТ) мен екатеринбургтік «Автомобилистке» (2:5) есе жіберді.
Еске салсақ, 28 қарашада сағат 2:33-те «АрселорМиттал Темиртау» компаниясына қарасты Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтасында жарылыс болды. Сол сәтте шахтада болған 252 адамның 205-і сыртқа шығарылды.
Қазірге дейінгі есеп бойынша оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 43 адамға жетіп отыр.
Костенко атындағы шахтасында болған жарылысқа байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы өкімге қол қойды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.