АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізді.
Кездесуді ресейлік команда белсенді бастады. Бірінші кезеңде елордалық клуб қақпасына қатарынан үш шайба соғып үлгерді. Олардың қатарынан Станислав Бочаров небәрі тоғызыншы секундта «Барыс» қақпасынан саңылау тауып кетті.
Ал Дмитрий Шевченко 5, Кирилл Слепец 16-минутта «Амурдың» басымдығын арттыра түсті.
Оған ойынның 48-минутында «Барыс» хоккейшісі Евгений Рымарев бір голмен жауап қайырды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:4 есебімен жол берді.
Турнир кестесінде «Барыс» 63 ойыннан кейін 48 ұпаймен 22-орында тұр.
Айта кетейік, астаналық клуб соңғы 10 ойынның тоғызында қарсыластарына есе жіберді.
Бұл кездесуден кейін қазақстандық ұжым тағы бір ойынын 18 ақпанда Ресейде «Амур» командасымен өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» он бір ойынға созылған сәтсіздіктен кейін жеңіске жеткен болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.