Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Лада» (Тольятти) қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform .
Кездесу барысында ресейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Иван Романов 6-минутта мергендік танытса, 33-минутта Остап Сафин есепті үтемелей түсті.
Оған 37-минутта «Барыс» хоккейшісі Понтус Оберг бір голмен жауап қайырды.
Үшінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.
«Барыс» бұдан кейін тағы 3 кездесуін сырт алаңда өткізеді. Алдымен, 20 қазанда Ресейдің «Cочи» командасымен кездессе, одан кейін 22 қазанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 24 қазанда Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.
Еске ссалсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Металлург» командасынан жеңілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.