«Барыс» Ресейдегі «Иван Ромазан мемориалы» турниріне қатысады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бұл турнир Ресейдің Магнитогорск қаласында 26-29 тамыз аралығында болады.
Оған жергілікті «Металлург» командасынан бөлек сол қаланың тағы бір клубы«Магнитка», Уфаның «Салават Юлаев» астаналық «Барыс» командасы айналмалы жүйе бойынша өзара кездеседі.
«Барыс» командасының ойындар кестесі (Астана уақытымен):
26 тамыз, 15:00. Барыс» — «Магнитка»
27 тамыз, 15:00. «Барыс» — «Салават Юлаев»
29 тамыз, 19:00. «Металлург» — «Барыс».
Айта кетсек, биыл астаналық «Барыс» хоккей клубы бас бапкері қызметіне ресейлік маман Михаил Кравец тағайындалды.
Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда алғашқы үш ойынды елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.
Биыл «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойын көрсетті. Шығыс конференциясында 12 орын алып, 68 ойыннан кейін небәрі 35 ұпай жинады.
Жаңа маусымға оқу-жаттығу жиынының негізгі бөлігі Астана қаласында өтіп жатыр. Алдымен медициналық комиссия тексеруінен кейін екіжақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер 15 шілдеден бастап дайындыққа кірісті.
Ал 1 тамыздан бастап біржақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер олардың қатарына қосылды.