«Барыс» Ресейдің «Автомобилист» командасына есе жіберді

Фото: Фото: Kazinform

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Кездесу барысында ресейлік клубтың басымдығы байқалып тұрды. Бірінші кезеңде олар «Барыс» қақпасына екі шайба соғып үлгерді. Бұл голдар 2-минутта Джесси Блэкер, 3-минутта Данил Романцевтің еншісіне жазылды.

Одан кейін екінші кезеңде ресейлік клуб басымдықты арттыруға тырысты. «Автомобилист» сапынан Сергей Зборовский 21-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ал «Барыс» хоккейшісі Максим Мусоров есеп айырмасын қысқартса, 49-минутта ресейлік Алексей Макеев мергендік танытты.

Қазақстандық командадан Райли Барбер 53-минутта гол соқса, ресейлік Анатолий Голышев 59-минутта қорытынды есепті белгіледі.::

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.

Елордалық клуб енді 27 қазанда Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» бейжіңдік «Куньлунь Ред Старды» жеңді.